Altynsarin institute-да «Күміс университет» бағдарламасы әлеуметтік серпін алуда

Altynsarin institute-да «Күміс университет» бағдарламасы әлеуметтік серпін алуда

Ы.Алтынсарин атындағы АрқПИ-да «Күміс университет» жобасы аясында коммуникативті дағдыны дамыту бағытында интенсивті ағылшын тілі курсы өтті.

Егде азаматтардың білім алу кеңістігін кеңейту, олардың өмір сүру сапасын арттырып, өзін-өзі дамытуын қолдау мақсатында ЖОО базасында ұйымдастырылған 72 сағаттық курсқа 20-68 жас аралығындағы өңірдің қала тұрғындары мен жоғары және арнаулы оқу орындарының педагогтері, қызметкерлер қатысты.

«Педагогика және филология» факультеті, «Шетел тілі: екі шетел тілі», «Ағылшын тілі» білім беру бағдарламаларының профессор-оқытушылар құрамы мен бітіруші түлектері сабақ жүргізіп, заманауи нарыққа сәйкес келетін екінші дағдыны игеруіне ықпал ететін әлеуметтік қозғалысқа жаңа серпін сыйлады. Тыңдаушылар ағылшын тіліндегі intermediate және upper intermediate деңгейінде сөздік қорын молайтуға, аудармашылықты жақсарту және оқу, жазу және тыңдау дағдыларын дамытуға мүмкіндіктер алды.


Интенсивті курс барысында жаңа технологияларды қолдану арқылы Bamboozel, Lie detector, Balloons, Case study, speaking card, video discussion and topic prediction, Wordwall, Do-do әдіс-тәсілдері мен аудио-видео материалдарды қолдану арқылы өзекті тақырыптар қарастырылды, қажет болған жағдайда жеке жұмыстар да жүргізіліп, кері рефлексия жасалды.

«Күміс университет» жобасының 68 жастағы зейнеткер қатысушысы Байзакова Ғалия Бектаевна: «Қарт адамдардың белсенді түрде ұзақ өмір сүруіне көмектесетін әлеуметтік қызметтің инновациялық түрі саналатын бұл қозғалыс өте тиімді деп ойлаймын. Қазіргі уақытта қазақстандық қоғам үшін «Үшінші жастағы университет» немесе «Күміс университеттер» - салыстырмалы түрде жаңа құбылыс. Институт қабырғасында қала тұрғындары үшін осындай алаңның құрылғандығы бізді қатты қуантады», - деп атап өтті.

«Шетел тілі: екі шетел тілі», «Ағылшын тілі» білім беру бағдарламаларының жетекшісі А.К.Асанова өз сөзінде ағылшын тілінің маңыздылығын, курстың кәсіби өсуде, халықаралық байланыс жасауда, шет елдерге саяхаттауда, тіпті немерелеріңізбен бірге ағылшын тілін үйренуге көмек беретіні туралы атап өтіп, бастаманың дәстүрлі түрде жүретіндігін тілге тиек етті.
Екі аптаға созылған «Күміс университет» жобасының студенттеріне ағылшын тілін меңгеру курсына қатысқандығын растайтын Басқарма Төрағасы – Ректор Ержан Әмірбекұлының сертификаты табысталды.

Мекен-жайы: 110300, Арқалық қ., Әуелбеков көш.,17
Тел: 8-71430-7-24-88
Факс: 8-71430-7-01-87
Қабылдау комиссиясы:
8-71430-7-11-57
Call center: +77143049502